Президент Қазақстан мен Франция арасындағы адамдарды реадмиссиялау туралы заңға қол қойды

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы адамдарды реадмиссиялау туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы адамдарды реадмиссиялау туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын Мәжіліс өткен жылдың желтоқсан айында қабылдаған еді.

Бұл келісімге 2024 жылы 5 қарашада Мемлекет басшысының Францияға сапары барысында қол қойылған. Келісіммен өзге елде болу шарттарын бұзған немесе қиын жағдайға тап болған, яғни құжаттарын жоғалтқан адамдарды өз азаматтығы бар елге қайтару көзделеді. Ел азаматтарының жеке басын куәландыратын құжаттар болмаса немесе Францияда заңсыз жүрсе, оларға қандай да бір санкциясыз (әкімшілік айыппұл салу түрінде) қайтаруға мүмкіндік береді. Бұл ретте, осы елдің уәкілетті органдары азаматтың еліне оралу үшін құжаттарды ресімдеуге көмек көрсететін болады. Келісімнің күшіне енуі көші-қонды бақылауды арттырып, екі елдің ынтымақтастығын нығайтады.

Жалпы, бүгінде еліміз реадмиссия бойынша 20 елмен келісім жасап, белсенді жұмыс істеп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Моңғолиямен зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялағанын жазған болатынбыз.