Президент «Қазақстан темір жолы» басқарма төрағасын қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновті қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президентке ұлттық компания қызметінің нәтижелері туралы мәлімет берілді.
Талғат Алдыбергенов:
иылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша эксплуатациялық жүк айналымы 8,6 пайызға ұлғайғанын айтты.
Транзит тасымалының көлемі 14,6 миллион тоннаға жеткен.
Трансұлттық теміржол дәлізін қалыптастыру үшін 1700 шақырымнан астам жаңа желі салынып, 3 мың шақырым жол жаңғыртылып жатқаны туралы баяндады:
биыл Достық-Мойынты учаскесіндегі жолдың екінші бөлігі және Алматы бекетін айналып өтетін темір жол желісінің құрылысы аяқталады;
Дарбаза – Мақтаарал жобасын іске асыру жалғасуда;
Бақты – Аягөз және Қызылжар – Мойынты желілерінің құрылысы басталды.
Терминал желілерін кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатқаны жөнінде мәлімет берді.
Цифрландыру мәселесіне айрықша назар аударылатынын жеткізді:
Әлемдік деңгейдегі инновацияның көшбасшыларымен бірлесіп, теміржол көлігінің сапасын жақсарту және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынған;
Транскаспий халықаралық көлік дәлізіндегі транзиттік декларацияны ресімдеу уақыты 8 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның транзит әлеуетін және экономикасын дамытуда компания үлкен рөл атқаратынын атап өтіп, көлік инфрақұрылымын одан әрі жаңғыртудың маңызына тоқталды.