Президент Қазақстанды Еуразияның іскерлік хабына айналдыру жөнінде айтты

АСТАНА. KAZINFORM — «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң әлеуетін дұрыс пайдаланған жөн. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысында мәлім етті.

Фото: Ақорда

— Мен осыған дейін елімізде жаңа ивестициялық кезең басталатынын айтқан едім. Біз сол арқылы экономикамызды әртараптандыруды көздеп отырмыз. Әртараптандыру дегеніміз — жай ғана ұран немесе жағымды сөз емес, өте күрделі және жауапты міндет, оған үстірт қарауға болмайды, — деді Президент. 

Былтыр Қазақстанға тартылған тікелей шетел инвестициясының көлемі 14% артып, 20 миллиард доллардан асқан. Капитал негізінен өңдеу өнеркәсібі, көлік-логистика, қаржы және цифрлық инфрақұрылым сынды келешегі зор салаларға бағытталуда. 

— Бұл ел дамуы үшін өте жақсы үдеріс екені сөзсіз. Осы орайда, мен мамыр айында қол қойған «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңның маңызы зор. Аталған заң шетелдік және отандық бизнес үшін тың мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан бұл бірегей заңнамалық актінің әлеуетін дұрыс пайдаланған жөн, — деп атап өтті Президент.

Дамуы қарқынды цифрлық мегаполистер, инновациялық кластерлер және өнімділігі жоғары индустрия қалыптастыру Қазақстанды Еуразияның технологиялық тұрғыдан өркендеген іскерлік хабына айналдыруды көздейді.

— Кең байтақ өңірімізде бұрын-соңды болмаған бұл жоба табысты іске асқан жағдайда (Ал біз мұны сәтті жүзеге асыруға міндеттіміз), орнықты экономикалық өсімнің мүлдем жаңа моделі пайда болады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Президент Құрылтай сайлауын өткізу туралы арнайы Жарлыққа қол қоятынын, оның құрамына үздіктер ғана кіруі керегін айтқан еді.

30 жылда Парламент 3,5 мыңға жуық заң қабылдаған.

Сондай-ақ, Электрондық Парламентті дамытуға басымдық беріледі.