2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Президент Қытай бизнесін елдегі жаңа жобаларға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Sunwah Group төрағасы Цай Гуаньшэньді қабылдады.

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің Тұрақты комитет мүшесі, Гонконгтағы Қытай бас сауда палатасының төрағасы, Sunwah Group корпорациясының төрағасы Цай Гуаньшэньмен кездесті.

Мемлекет басшысы іскерлік ортаның 500-ден астам өкілі, соның ішінде 300-ге жуық қытай кәсіпкерлері бас қосқан Алматыдағы «Қазақстан — Қытай» инвестициялық форумын ұйымдастыруға Цай Гуаньшэньнің қосқан үлесін жоғары бағалады.

— Президент форумды екі елдің мемлекеттік органдары, қаржы институттары мен бизнес өкілдері арасында тікелей байланыс орнататын тұрақты алаңға айналдыру маңызды екеніне назар аударды. Мемлекет басшысының айтуынша, негізгі міндет — қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру, инвестициялық ықпалдастықты кеңейту және бірлескен жаңа өндіріс орындарын құру, — делінген Ақорданың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы іскерлік қарым-қатынасты одан әрі дамытуға айтарлықтай әлеует бар екенін атап өтті. Бұл ретте Президент Гонконгтағы Қытай бас сауда палатасына форумның басты институционалдық серіктестерінің бірі болуды ұсынды.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қазақстан Гонконгпен ынтымақтастықты Қытаймен сан қырлы қарым-қатынастың маңызды бөлігі ретінде қарастыратынын айтты.

Цай Гуаньшэнь Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ-қытай инвестициялық форумын жыл сайын өткізу бастамасына қолдау білдірді. Сондай-ақ өз тарапынан іс-шараны ұйымдастыру ісіне атсалысуға дайын екенін жеткізді.

Бұдан бөлек, Қытай бизнесі Қазақстанның инвестициялық келешегіне толық сенім артатынын және тың бағыттарда жұмыс істеуге ниетті екенін атап өтті. Бұл ретте жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, қаржы инфрақұрылымы, өнеркәсіптік кооперация, сондай-ақ Alatau City жобасына қатысу ынтымақтастықтың перспективті салалары ретінде айқындалды.

Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан — Қытай» инвестициялық форумы аясында бейнебайланыс режимі арқылы Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеу бойынша өнеркәсіп паркі құрылысын бастауға рұқсат бергенін жазғанбыз.