Президент қоғамды топтастырып, мемлекетті дамыту үшін «Нұр Отан» партиясы мен Үкіметтің алдына нақты міндеттер қойды
19:50, 15 Мамыр 2009
АСТАНА. Мамырдың 15-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бұл аптаның басты һәм маңызды оқиғасы «Нұр-Отан» халықтық демократиялық партиясының кезектен тыс ХІІ съезі болды. Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен құрылтайда Мемлекет басшысы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық қоғамды жұмылдырып, мемлекетіміздің дағдарыстан кейінгі кезеңде қарқынды дамуын қамтамасыз ету үшін
«Нұр Отан» мен Үкіметтің алдына бірқатар іргелі міндеттер қойды. Президент өз сөзінде Үкімет күш-жігерін бірнеше бағытқа жұмылдыруы тиістігін атап көрсетті. Бірінші. Агроөнеркәсіптік кешенді және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытуға ден қою қажет. Бұл үшін бүкіл дүние жүзіндегі азық-түлік өнімдерінің бағасы мен оларға деген сұраныстың өскенін ескере отырып, аграрлық секторды технологиямен қайта жарақтандыруға және кең ауқымды жаңғыртуға бағдарлану қажет. «Аграрлық сектор экономиканы және экспортты әртараптандыруға нақты үлес қоса алады. 2015 жылға дейін экспорттың жиынтық көлеміндегі ауылшаруашылығы өнімдерінің үлесін 8 пайызға дейін жеткізу біздің ортақ міндетіміз», деді Мемлекет басшысы. Қазіргі таңда елімізде ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу саласында құны шамамен 150 млрд. теңге болатын 170 жоба жүзеге асырылуда екен. Оның 96-сы биыл аяқталатын болады. Бұл ретте Елбасы осы және басқа да жобалардың есебінен таяу уақытта агроөнеркәсіптік кешеннің жиынтық қосылған құнын кем дегенде 16 пайызға ұлғайтып, оның аясында жаңадан 10 мың жұмыс орнын құру керектігін айтты. Мемлекет басшысы белгілеген екінші міндет - құрылыс индустриясын және құрылыс материалдарын өндіруді өркендету. Елбасының айтуынша, құрылыс материалдарының 50 пайыздан астамы елімізге сырттан әкелінеді. Сондықтан құрылыс секторының сұранысын қамтамасыз ету үшін өзіміздің өндірістік базамызды дамытуымыз қажет. 2015 жылға қарай Қазақстан нарығы сұранысының 80 пайыздан астамы отандық өндірістің есебінен қамтамасыз етілуі, ал құрылыс кешенінің жиынтық қосылған құны кем дегенде 70 пайызға өсірілуі тиіс. Мұнай өңдеуді және мұнай-газ секторының инфрақұрылымын дамыту Үкімет істеуге тиісті үшінші міндет. Бұл салада бірқатар ірі жобалардың жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Елбасы осы орайда 2011 жылы Атыраудағы битум зауыты іске қосылуы тиістігін, 2012 жылдың соңына дейін оңтүстік өңірлерді түгелдей газбен қамтамасыз ететін Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ магистралды газ құбырының құрылысын аяқтау қажеттігін айтты. «Атырау, Шымкент және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуды жылдамдатып, олардың жиынтық қуатын жылына 17 млн. тоннаға дейін жеткізу қажет. 2014 жылға қарай отандық мұнай өңдейтін зауыттар бензин және авиакеросин сынды жоғары сапалы мұнай өнімдерімен ішкі сұранысты толық қанағаттандыруы тиіс», деді Н. Назарбаев. Осы орайда Үкіметтің алдына отын-энергетикалық кешеннің жиынтық қосылған құнын кем дегенде 30 пайызға арттыру міндеті қойылды. Үкіметтің көз тігетін келесі міндеті - металлургияны және дайын металлургиялық өнімдерді өндіруді дамыту. Қазіргі таңда сонау тоқсаныншы жылдардың басында тоқырауға ұшыраған осы саланың құрылымын қалпына келтіру жұмысы қарқынды жүргізіліп жатқаны аян. Соңғы жылдары бұл салада да бірқатар ауқымды жобалар да жүзеге асырылды. Бүгінде жалпы құны ? 1,6 трлн. теңге 26 жоба өндірісте көрінеді. «2015 жылға қарай металлургиялық өнеркәсіп өнімдерінің өндірісі мен экспортын екі есе арттыруды қамтамасыз ету біздің ортақ міндетіміз. Қайта өңдеуді тереңдету және жаңа өндірістер құру арқылы металлургияның жалпы қосылған құны кем дегенде 107 пайызға өсуге тиіс», - деді Н. Назарбаев. Химиялық, фармацевтикалық және қорғаныс өнеркәсібін дамыту. Бұл Президенттің Үкіметке жүктеген бесінші міндеті. Мемлекет басшысы келесі жылы хлор, күкірт қышқылы, азоттық, фосфорлық, калийлік минералды тыңайтқыштарды, каустикалық соданы, синтетикалық құралдарды өндіруді ұйымдастыру жөніндегі жобаларды жүзеге асырудың белсенді кезеңіне өту қажеттігін айтып, «бұларға ел экономикасы қатты мұқтаж» екендігіне назар аударды. Батыс Қазақстандағы ықпалдастырылған газ-химиялық кешені құрылысының жұмысын шапшаңдату қажет. «Фармацевтика саласында вакцин, инсулин, антибиотик және басқа да дәрілік препараттарды өзімізде өндіретін зауыттардың құрылысын салуды 1 ай мерзім ішінде пысықтау қажет. Мен Үкіметтің алдына 2014 жылға дейін ел ішінде тұтынылатын дәрілік препараттардың тең жартысын өзімізде өндіруді қамтамасыз ету жөнінде нақты міндет қоямын», - деді Мемлекет басшысы. Елбасының атап көрсеткеніндей, мемлекеттің қорғаныс тапсырысы да отандық өндіріспен қамтамасыз етілуі тиіс. Осы орайда Үкіметке елімізде тиісті заманауи өндірістер құра отырып, Қазақстанның Қарулы күштерін технологиялық жаңғыртуға бағытталған арнаулы бағдарлама жасау тапсырылды. «Еліміздің қорғанысын нығайту - мемлекеттің тікелей міндеті. Оған басқа ешкім де қаржы салмайды. Оны біз істеуге міндеттіміз», - деп атап көрсетті Н. Назарбаев. Бұдан бөлек, Президент Үкіметтің назарын энергетика саласына екпін салуға аударды. Бұл салада жүзеге асырылып жатқан және жоспарланып отырған жобаларға тоқталған Мемлекет басшысы: «Желдің күшін және күннің жылуын пайдалана отырып, жаңартылатын энергия көздерін дамыту маңызды бағыт болып табылады. Біз еліміздің ағымдағы және перспективадағы электр энергиясына деген сұранысын толық жабуымыз керек. 2015 жылға қарай экономиканың энергия сыйымдылығы 10 пайызға төмендетілуі тиіс», - деді. Президенттің Үкіметке тапсырған келесі бір тапсырмасы? көлік және телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту. Н. Назарбаевтың айтуынша, барлық инфрақұрылымдық салаларды дамыту жөніндегі жоспарларды жүзеге асыру жалпы қосылған құнның өсімінің 63 пайызын қамтамасыз етуге тиіс. Соңғы нәтижеде жоғарыда айтылған басыңқы бағыттар бойынша барлық ресурстарды жинақтау еліміздің экономикасына 7 трлн. теңгеден астам жылдық жиынтық құнды қосымша қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі бағада бұл іс жүзінде біздің ұлттық өніміміздің 50 пайызын құрайды. «Бұл өршіл, қажетті және біздің халқымызға лайықты міндет. Бұл біздің халқымыздың әл-ауқатының бұдан былай да жақсаруына жағдай жасауды білдіреді», деді Мемлекет басшысы сьезде. Осындай міндеттерге тоқталған Мемлекет басшысы Үкімет екі айдың ішінде еліміздің көптеген бағдарламаларына сараптама жасап, тек басыңқыларын ғана қалдыруды тапсырды. «Жоспарларымыз күн сайын іске асу үшін біз олардың орындалуының мониторингін қамтамасыз етуге тиіспіз. «Нұр-Отан» партиясы осы жұмысты өзінің бақылауын алуы тиіс», деді Президент. Осы жерде Мемлекет басшысы Үкімет әкімдермен бірлесіп 2010-2020 жылдарға арналған Қазақстанды индустриализациялау картасын әзірлеуі қажеттігін айтып, оған өңірлердің ресуртық базасы үйлестірілген өндірістік қуаттарды тиімді орналастыру схемасы кіргізілуі тиістігін жеткізді. «Экономиканы әртараптандыру жөніндегі жұмыс тиімділігінің барлық жауапкершілігін Үкіметке және маған әр жарты жыл сайын есеп беретін Премьер-Министрдің жеке өзіне артамын», деді Мемлекет басшысы. Енді Елбасының «Нұр Отан» партиясының алдағы қызметіне қатысты берген тапсырмасы жайлы. Сьезде Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының 2020 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы әзірленуі тиістігін айтты. Президенттің сөзіне қарағанда, ол жүйелі әрі мақсатты құжат болуы шарт. Онда дағдарыстағы жаңғыру жұмыстарының негізгі бағыттары да айқындалуы тиіс. Сондай-ақ партияның жаңа бағдарламасы барлық деңгейдегі атқарушы биліктің салалық бағдарлама жасауына негіз болуы шарт. Осыдан басқа, Мемлекет басшысы партияның басқарушы кадрларын нығайтып, партияның ішіндегі кадрлық жұмысты жөнге салу; паритяның ұйымдастырушылық-саяси жұмысын жандандыру керектігін,«Нұр-Отан» партиясы қоғамдағы құндылықтардың дұрыс жүйесін құру жөніндегі жұмысты басқаруы тиістігін атап көрсетті. Съезде партияның 2009-2012 жылдарға арналған даму стратегиясы қабылданды, Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Әкімдер Жұмыспен қамту стратегиясын сапалы жүзеге асырып, өндірістік қуаттарды тиімді орналастыруға атсалысулары тиіс Осы аптада Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Астанада еліміздегі барлық деңгейдегі әкімдермен кеңес өткізді. Онда Халықты жұмыспен қамту стратегиясының орындалу барысына, сондай-ақ инвестициялық жобаларды, яғни еліміздегі өндірістік қуаттарды тиімді орналастыру мәселесіне баса мән берілді. Жалпы аталмыш Стратегияны жүзеге асыру үшін барлық ұйымдастырушылық және қаржылық мәселелер толық шешімін тауып, қажетті нормативтік-құқықтық база жасалып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, Стратегия шеңберінде барлық инвестициялық бағыттар бойынша іске асырылатын 163 млрд. теңге сомасындағы 4 мың 700 жобаның тізбесі айқындалған, солардың есебінен 254 мың жұмыс орны құрылатын болады. Ал Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі болса, еліміздің өндірістік қуаттарын тиімді орналастыру картасының құрамында мемлекеттік маңызы бар инвестициялық жобалардың перспективалы қоржынын қалыптастырған. Министр Бақыт Сұлтановтың айтуынша, карта қоржынында жиналатын ақпарат екі деңгей бойынша қалыптасуы керек: құны - 1 млрд. теңгеден жоғары жобалар республикалық қоржынға, ал бұдан төмен сомадағы жобалар жергілікті қоржындарға кіргізілуге жатады. «Бұл қоржын ашық және оған әлі түзетулер енгізілетін болады. Осындай қоржындар әрбір өңірлерде жасалуы тиіс. Жергілікті жерлердегі өзектілігі жоғары қоржындардың негізінде республикалық қоржын қайтадан түзілетін болады», - деді министр. Баяндамашыларды тыңдаған Үкімет басшысы әрбір әкім өзі басқарып отырған өңірдегі Халықты жұмыспен қамту стратегиясын сапалы жүзеге асыруға, өңірлердің мүмкіндіктерін ескере отырып өндірістік қуаттарды тиімді орналастыру бағытында белсенді түрде жұмыс істеуге міндетті екенін қадап айтты. Осы мәселелер Үкіметтің келешектегі отырыстарында, селекторлық кеңестерінде талқыланатын болады.