Президент Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасымен кездесті

АСТАНА. KAZINFORM - Қасым-Жомарт Тоқаев У Вон Шиктің Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы ретінде Қазақстанға жасаған алғашқы сапары елдеріміз арасындағы тығыз қарым-қатынастардың дәлелі екенін айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. 

Фото: Ақорда

Президент Қазақстанның Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі Оңтүстік Кореямен арадағы санқырлы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын айрықша атап өтті.

Мемлекет басшысы тараптардың парламентаралық ықпалдастықты жандандыру жолындағы күш-жігеріне қолдау білдірді. Бұл – саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту ісінің маңызды тетігі.