- Сіздерді Тәуелсіздік сарайына арнайы шақырдым. Тәуелсіздік – ең қастерлі ұғым, бәрінен қымбат қасиетті құндылық. Халқымыз өзінің асқақ рухын ту етіп, берекелі бірлігінің арқасында ғасырлар бойы аңсаған егемендікке қол жеткізді. Бұл ғимарат ұлттық намыс пен ерен еңбектің нышаны, символы десек, қате болмайды. Спорттағы әрбір жетістік – жылдар бойғы қажырлы еңбектің, табандылық пен шеберліктің нәтижесі. Сіздердің жеңістеріңіз ең алдымен өскелең ұрпаққа жігер береді. Жастар сіздерге қарап бой түзейді. Бұл – үлкен мәртебе және зор жауапкершілік, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пайымынша, жеңімпаз, чемпион болу – бір басқа, жеңімпазға, чемпионға лайық үлгі көрсету – бір бөлек.
- Жас ұрпақты табанды, қайсар, шыдамды болумен қатар, оларды әдепті, мәдениетті, тиянақты болуға үйрету өте маңызды. Сонда жастарымыздың тәні де, жаны да, санасы да сергек болады. Көк туымыз әрдайым биікте желбіресін! Қазақ елі мәңгі жасасын!, - деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 74 медаль жеңіп алды.