АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандықтар Асылжан Арыстанбекова мен Іңкәр Дүйсебай жұптық сында Президент кубогы үшін Астанада өтіп жатқан ITF W15 жарысында үздік шықты.
Іңкәр Дүйсебай – Асылжан Арыстанбекова финалда ресейлік Екатерина Хайрутдинова – беларусьтік Анна Кубаревамен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Бірінші партияда ресейлік-беларусь жұбы тай-брейкте сәтті ойнады – 7:6 (7:4).
Екінші сетте Асылжан мен Іңкәр 6:4 есебімен есе қайырды. Содан кейін супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 10:3.
Осылайша, А.Арыстанбекова мен І.Дүйсебай жұптық сында чемпион атанды.
Тағы бір қазақстандық Аружан Сағындықова жекелей сында жартылай финалда әлемнің 739-ракеткасы, ресейлік Эдда Мамедоваға жол берді – 2:6, 3:6. Сөйтіп ол финалдан тыс қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Президент кубогында Аружан Сағындықованың жартылай финалға шыққанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).