Президент кубогы: Қазақстандық жұп чемпиондық атақ үшін таласады

Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандықтар Аружан Сағындықова мен Екатерина Дмитриченко жұптық сында Астанада Президент кубогы үшін өтіп жатқан ITF W15 турнирінің финалына шықты.

Қазақстандық жұп жартылай финалда өзбекстандықтар Нигина Алимова — Сабрина Олимжановамен шеберлік байқасты.

Бірінші партияны өзбекстандықтар өз есебіне жазды — 7:5. Екіншісінде Аружан мен Екатерина қарымта қайырды — 7:5. Содан кейін супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды — 10:5.

Қазақстандық дуэт финалда ресейлік Екатерина Хайрутдинова — белоруссиялық Анна Кубаревамен чемпиондық атақты сарапқа салады.

Тағы бір қазақстандық Асылжан Арыстанбекова жекелей сында ширек финалда рейтингіде 882-орындағы ресейлік Виктория Миловановаға есе жіберді — 4:6, 1:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Цинциннати турнирінде Елена Рыбакинаның әлемнің 6-ракеткасын жеңіп, ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз.