Президент Кубогінің АТР және ITF сериясының теннис бойынша турнирдің I айналымының қорытындысы шығарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сыйлық қоры 125 мың долларды құрайтын Президент Кубогі-2016 («President's Cup») АТР және ITF сериясының теннис бойынша турнирдің I айналымының қорытындысы шығарылды.

Ол Астанада Ұлттық теннис орталығында өтіп, 26 шілдеде аяқталды.

Қазақстан теннис федерациясының сайтынан хабарланғандай, ерлер арасында қазақстандық  Дмитрий Попко бірінші айналымдағы матчта ресейлік теннисші Антон Зайцевтен 6:4, 2:6, 1:6 есебімен жеңілді. Сондай-ақ, хорватиялық Анте Павичтен екі сетте 1:6, 0:6 есебімен ұтылған қазақстандық Алексей Кедрюк жарыстан шығып қалды.

Тағы бір қазақстандық Тимур Хабибулин екінші айналымға өте алмады. Ол ресейлік Александр Кудрявцевтен 0:6, 4:6 есебімен ұтылды.

Әйелдер арасында қазақстандық Александра Гринчишина белоруссиялық Светлана Пираженконы 4:6, 7:6, 6:4 есебімен жеңіп, екінші айналымға шықты. Екінші айналымда ол Алена Тарасовамен кездеседі.

Осыған дейін, 25 шілдеде, қазақстандық Гозаль Айнитдинова халықаралық турнирдің екінші айналымына шықты.  

Қазақстан өкілдері Арина Талуенко және Анастасия Шарапова турнирдің бірінші айналымында жеңілді.