АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисші, әлемнің 412-ракеткасы Денис Евсеев елордада Президент кубогы үшін өтіп жатқан челленджер турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 622-орында тұрған Израиль өкілі Орель Кимхимен шеберлік байқасты.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта Денис Евсеев 7:5, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Ол 1 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды.
Д. Евсеев жартылай финалға шығу үшін рейтингте 657-сатыдағы белоруссиялық Александр Згировскиймен таласады.
Тағы бір қазақстандық, 19 жастағы Ислам Орынбасар доданың 2-ракеткасы, зимбабвелік Бенджамин Локқа жол берді – 2:6, 3:6.
Осылайша, Астанадағы жарыстың ширек финалында жекелей сында Қазақстаннан Михаил Кукушкин мен Денис Евсеев өнер көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Хорватиядағы жарыстың ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Бейбіт Жұқаев Эквадордағы турнирдің ширек финалына өтті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).