АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 412-ракеткасы Денис Евсеев Астанада өтіп жатқан Президент кубогы үшін челленджер турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстанды теннисші ширек финалда дүниежүзілік рейтингте 657-орында тұрған белоруссиялық Александр Згировскиймен кездесті.
Бірінші партияда Д.Евсеев айқын басымдылық танытты – 6:2.
Екінші сетте белоруссиялық спортшы 4:1 есебімен алға кетті. Дегенмен бұдан кейін Евсеев қатарынан бес гейм алды – 6:4.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта Д.Евсеев 7 брейк-пойнттың төртеуін пайдалана білді.
Денис Евсеев финалға шығу үшін рейтингте 357-сатыдағы түркиялық Янки Эрельмен таласады. Ол әлемнің 342-ракеткасы, зимбабвелік Бенджамин Локты тізе бүктірді – 6:3, 7:6 (7:4).
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның жұптық сында Гамбург турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Александр Недовесов Хорватиядағы жарыстың жартылай финалына шыға алмады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).