НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Дәл қазір Нұр-Сұлтан қаласында бокстан Президент кубогында жігіттер арасындағы жекпе-жектер өтіп жатыр. Қазірге дейін екі салмақтағы чемпиондар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Турнирде 52 келі салмақта Сәкен Бибосынов пен Махмұт Сабырхан қолға түйістірді. Бұл жолы Сәкен шаршы алаңда әбжіл қимылымен көзге түсті. Нәтижесінде оған чемпиондық атақ бұйырды.
Ал 57 келіде Ілияс Сүлейменов пен Рустам Рустамов жекпе-жек өткізді. Бұл салмақта Рустам сенсациялық жеңіске жетті. 2011 жылғы Азия чемпионатында күміс, 2014 жылғы Азия ойындарында алтын алған тәжірибелі боксшы Ілияс Сүлейменов одан айласын асыра алған жоқ.
Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын Президент кубогында қыздар арасында чемпион атанған боксшылар жайында хабарлаған едік.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.