Президент кубогы: Жарыстың екінші күні кімдер жеңіске жетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кеше, яғни 17 шілде күні елордада бокстан өтіп жатқан Президент кубогы халықаралық турнирінің екінші жарыс күні ерлермен қатар бұрымды боксшыларымыз да шаршы алаңға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Назарларыңызға екінші жарыс күнінің қорытындысын ұсынғанды жөн санап отырмыз.

Екінші жарыс күні ерлер 52 келі салмақта 4 қазақстандық боксшы өзара мықтыны анықтады. Әнуар Мұзафаров пен Азат Махметов арасындағы айқаста Махметов келесі айналымға өтсе, Олжас Байниязов пен Абай Қуандықов расындағы жекпе-жекте Байниязовтің бағы жанды.

57 келі салмақ санатында Ілияс Сүлейменов қытайлық қарсыласы Чен Келянгті жарыс жолынан тайдырса, Қайрат Ералиев үндістандық Синх Кавиндерді жеңіп, Азия чемпионатында кеткен есесін қайтарды. Осы салмақта тағы бір қазақстандық боксшы Рустам Рустамов монғолиялық Цаганбаатаардан айласын асырды.

63 келі салмақта 3 жерлесіміз шаршы алаңға шықты. Бұл салмақта Зәкір Сафиуллин қытайлық Мамутиді ұтты. Алайда, Ділмұрат Межитов тәжікстандық Бахадур Усмановқа, ал Санатәлі Толтаев үндістандық Шива Тапаға есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.

75 келі салмақта Тұрсынбай Құлахмет қырғызстандық Өмірбек Бекжігітұлын оңай ұтса, Тимур Нұрсейтіов ресейлік Туковтан жеңіліп қалды.

81 келі салмақта Ерік Әлжанов Тәжікстан боксшысы Шаббос Нигматуллаевтан айласын асырды. Бұл салмақта тағы екі қазақстандық боксшы Бекзат Нұрдәулетов пен Нұрбей Оралбай жұдырықтасып, Нұрдәулетов басымдылыққа ие болды.

91 келі салмақта Дамир Тойбай мен Нұрлан Сапарбай арасындағы айқаста соңғы боксшының бағы жанса, Нұрболат Шермаханов тәжікстандық Севуш Зухуровпен жұдырықтасып, қарсыласын жарыс жолынан тайдырды. Ал осы салмақтағы құраманың мықты боксшыларының бірі Қамшыбек Қоңқабаев Алжир боксшысы Шуаиб Булудинатсты айқын басымдықпен ұтты.

Ал әйелдер арасында 57 келі салмақта 4 жұп шаршы алаңға шықты. Ең алдымен қос Қазақстан өкілі жұдырықтасты. Влада Кухта мен Айдана Сабынбекова арасындағы айқаста Кухта қарсыласынан бәсі биік екенін көрсете білді. Екінші рет жерлесіміз Анжа Сәдуақасова мен қытайлық Жанг Янмей жұдырықтасып, жеңісті көрші елден келген боксшы қыз қанжығасына байлады. Үшінші болып шаршы алаңға шыққан жерлесіміз Сәния Сұлтанқызы Тәжікстан боксшысы Мичгона Самадовамен айқасып, жеңісті жұлып алды. Тағы бір қазақстандық боксшы аруымыз Аида Әбікеева моңғолиялық Мичидма Ерденедалайдан айласын асырды.

69 келі салмақта жерлесіміз Мәдина Жөкенова қытайлық боксшы Жанг Людан ұтылып қалды. Сондай-ақ, осы салмақта екі қазақстандық боксшы Мәдина Нұршаева мен Дариға Шәкімова қолғап түйістіріп, Шәкімова келесі айналымға өтті.