Президент Құрық портында Қытаймен бірлескен жүк терминалын құруды ұсынды

Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайындағы «Орталық Азия-Қытай» саммитінде Құрық портында Қытаймен бірлескен жүк терминалын құруды ұсынды.

— Транскаспий бағытының тартымдылығын арттыру үшін біз Каспий теңізі порттарын жаңғырту және цифрландыру, жүк терминалдарын салу, көлік кемелерінің өндірісін жолға қою жөнінде жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Каспийдегі Құрық портында Қытаймен бірлескен жүк терминалын құру мәселесін қарастыруды ұсынамыз, — деді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, Қазақстандағы көлік бекеттерінің өткізу қуатын арттыру, логистиканың инфрақұрылымды одан әрі кеңейту, заманауи жүк тасымалын дамыту бағытындағы жобалар Қытай тарабы белсенді қолдау көрсетіп отыр.

— Достық-Мойынты учаскесінде көлік қозғалысының ашылуы, Алматы қаласында Жетісу ірі контейнерлік терминалдың және Ақтау портында контейнерлік хабтың құрылуы бұл бағыттағы басты жетістіктер болды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, елордадағы Тәуелсіздік сарайында «Орталық Азия — Қытай» ІІ саммиті өтіп жатыр. 

Іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысып отыр.

«Орталық Азия — Қытай» І саммиті 2023 жылдың 19 мамырында Қытайдың Сиань қаласында өткен еді.