Президент Құрылтай келісімімен қандай лауазым иелерін тағайындайды — заң жобасы

АСТАНА. KAZINFORM — «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасында Президенттің Құрылтай келісімімен қандай лауазым иелерін тағайындайтыны нақты белгіленген. Бұл туралы Парламент палаталарының отырысында аталған құжатты талқылау барысында Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан айтты.

Фото: freepik

— Конституциялық заңның жобасы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Вице-Президентінің құқықтық жағдайын айқындайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық мемлекеттік билік субъектілеріне қатысты Президент өкілеттіктерін регламенттейді. Қазақстан Республикасының Президенті — Мемлекет басшысы, мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын жоғары лауазымды тұлғасы болып табылады және ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстан атынан өкілдік етеді, — деді ол.

Депутаттың айтуынша, Президент халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституция мызғымастығының, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының символы әрі кепілі болып қала бермек. Қазақстан Республикасының Вице-президентін Құрылтайдың келісімімен Президент қызметке тағайындайды және Президенттің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде оның атынан өкілдік етеді.

— Заң жобасына сәйкес Президент Бас прокурорды, Конституциялық соттың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Жоғары аудиторлық палатаның, Орталық сайлау комиссиясының, Ұлттық банктің төрағаларын, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді және Мемлекеттік күзет қызметінің бастығын жеке өзі тағайындайды. Президент Құрылтаймен келісу бойынша Вице-Президентті, Премьер-Министрді, Конституциялық Соттың 10 судьясын, Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін, сондай-ақ Жоғарғы Соттың судьяларын тағайындайды және сайлайды. Өкілеттіктердің осылайша бөліну тәртібін орынды деп есептейміз, өйткені Президентіміз елдің даму векторларын айқындайтын Мемлекет басшысы бола отырып, аталған органдардың басшыларын белгіленген стратегиялық бағытқа сүйеніп тағайындайды, — деді Жанарбек Әшімжан.

Айта кетейік, Парламент талқылап жатқан заң жобасына сәйкес, Вице-Президентті Құрылтай келісімімен Президент тағайындайды.