Президент Құрылтай жөнінде: бұл өзгеріс Қазақстанда тарихи сабақтастық бар екенін анық көрсетеді

АСТАНА. KAZINFORM — Тереңнен тамыр тартқан мемлекеттігіміздің жаңа кезеңіне қадам басқалы тұрмыз. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

Фото: Ақорда

— Бүгінгі Парламенттің қос Палатасының бірлескен отырысының тарихи мән-маңызы айрықша деп айтсақ, дұрыс болар. Бұл дүйім халқымыз үшін де айқын нәрсе, ақиқат. Бүгін біз мемлекетіміздің заң шығарушы органы — Парламенттің кезекті сессиясын аяқтап, Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тұтас бір дәуірді қорытындылап отырмыз. Осылайша, тереңнен тамыр тартқан мемлекеттігіміздің жаңа кезеңіне қадам басқалы тұрмыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Осы орайда Президент ертең Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне енетінін еске салды.

— Ұлт заңымен қатар, мемлекеттік билік жүйесі де түбегейлі жаңа сипатқа ие болмақ. Қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай келеді. Жалпы, бұл өзгеріс Қазақстанда тарихи сабақтастық бар екенін анық көрсетеді, — деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Президенттің қатысуымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы басталғанын жазған едік