Президент Құрылтайға әр салаға қатысты заңнаманы мұқият саралауды тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM – Бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясын ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев заңдардың Конституцияға сәйкестігін, құқықтық тұрғыдан дұрыстығын, нормалардың өзара үйлесімділігін тексеріп отыру жұмыстарын жандандыру қажеттігін мәлімдеді.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

– Жаңа Конституция нормаларын ескере отырып, еліміздің заңнамасына түзетулер енгізу қажет. Жаңа конституциялық жүйеге өту барысында бұрынғы Парламент негізгі билік институттарының қызметін қамтамасыз ететін бірқатар маңызды заңдарды қабылдады. Енді Құрылтай әр салаға қатысты заңнаманы мұқият саралап, олардың Конституция қағидаттарына сай болуын қарауы керек, – деді ол. 

Сонымен бірге, Президенттің сөзінше, Құрылтай заң шығару үдерісінің тұрақтылығы мен сапасын қамтамасыз етуі керек.

– Бұған дейін Сенат Мәжіліс қабылдаған заңдардың Конституцияға сәйкестігін, құқықтық тұрғыдан дұрыстығын, нормалардың өзара үйлесімділігін тексеріп отырды. Бұл жұмысты жандандыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін стратегиялық маңызды жобалар Ұлттық қордан қаржыландырылатыны жөніндегі Президент мәлімдемесін жариялағанбыз.