Президент құрылыста энергия үнемдеуші материалдарды пайдалануды жүктеді

АНА. Маусымның  29-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Астанада Қала құрылысын салушылардың ҮІІІ форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тиімді құрылыс материалдарын, яғни энергия үнемдеуші материалдарды пайдалану қажеттілігін айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Мемлекет басшысы құрылыс салушыларға өздерінің жұмыстарында құрылыс материалдарын пайдалануда қазіргі заманғы тиімді әрі үнемді әдістерді қарастыруды жүктеді.

  «Бүгінде негізгі проблемалардың бірі - энергия үнемдеу. Бұл қала құрылысын салуға қатты әсер етуі тиіс», - деді Елбасы.

 Шетелдік мердігердің мақсаты - нысанды салып, ақша табуға бағытталғанына тоқталған Президент, «алайда біз олардың емес, өзіміздің қалауымыз бойынша құрылыс салуды ұсынуымыз қажет», - деп қадап айтты.

Қазақстанда энергия үнемдеуші құрылыс индустриясын құру қала құрылысын салуға байланысты екенін жеткізген Елбасы: «Сіздер талап етуді бастағанда, бизнес осындай материалдарды пайдаланатын болады», - деді.