Президент Маңғыстауда газ өндіретін жаңа зауыт салу жөнінде берген тапсырмасының орындалуын сынға алды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Президент өзінің былтыр маусым айында, Маңғыстау облысындағы «Қазақ газ өңдеу зауыты» базасында сұйытылған газ өндіретін жаңа зауыт салу жөнінде берген тапсырмасының орындалу барысын сынға алды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңесте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта жобаның тек техникалық-экономикалық негіздемесі ғана дайындалған. Оны қаржыландыру мәселесі шешілмеген. Екіншіден, сұйытылған газды тарату және саудаға шығарудың қазіргі тәртібі пысықталмаған. Электронды сауда барысында бағаның өсуін шектеу тетіктері қарастырылмаған. Нәтижесінде Энергетика министрлігі электрондық сауда бойынша жедел әрекет етіп, оны ауыздықтай алмаған», – деді Президент.