Президент Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кириллмен кездесу өткізді

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне қатысу үшін Астанаға келген Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кириллмен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Фото: Ақорда

Президент бүгінгі кездесу Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты тереңдету жолындағы тағы бір маңызды қадам екенін атап өтті.

— Ең алдымен, Съезге арнайы келгеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздің бұл жиынға қатысуыңыз, шын мәнінде, форумның табысты өту тұрғысынан маңызды. Біз Сізді құрметтейміз. Өзіңізге мәлім, Қазақстан мен Ресей — стратегиялық серіктес, одақтас елдер, — деді Мемлекет басшысы.

Фото: Ақорда

Патриарх Кирилл Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, Орыс православие шіркеуінің миссиясы халықтар арасындағы бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайту екенін мәлімдеді.

— Қасиетті Қазақстанға келу мені әрдайым қуантады. Бұл біздің достас еліміз. Ғасырлар бойы қатар өмір сүріп келеміз. Қазір мемлекеттеріміз бөлек болғанымен, достық, өзара қолдау және ынтымақтастық тінін берік жалғап отырмыз, — деді Мәскеу Патриархатының басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Астанада Әлемдік діндер көшбасшыларының съезі басталды.