Президент Мұстафа Кемал Ататүрік кесенесіне зиярат етті
АНКАРА. KAZINFORM — Мемлекет басшысының Түркия Республикасына ресми сапары осы елдің негізін қалаушы әрі тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің кесенесінен басталды. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
— Қазақстан Президенті Анытқабір кесенесіне жерленген ұлы қайраткердің рухына тағзым етіп, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркияның достығы нығая беретініне сенім білдіріп, бауырлас түрік халқының өсіп-өркендеуіне тілектестігін жеткізді. Гүл шоғын қою рәсіміне Қазақстанның ресми делегациясының мүшелері де қатысты, — делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Түркияға ресми сапармен барған еді.
Әуежайда екі ел президенттері аз-кем әңгімелесіп, Қасым-Жомарт Тоқаев «Бізді тек туыстық, ынтымақтастық байланыстырады» деген еді.
Қазақстан Президентінің келуіне орай Анкара көшелері арнайы баннермен безендірілді.