Президент Н.Назарбаев тек өз еліне ғана емес, бүкіл әлемге сыйлы - елші А.Саджанхар

/strong>Сәуірдің 22-і. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - ҚР Президентінің күш-қуаты, ақыл-ойының жоғарылығы, батылдығы, интеллектуалдылығы мен жұмысқа деген құштарлығы мені ылғида таң қалдыруда.

Бұл жайында Үндістанның ҚР-ғы Төтенше және Өкілетті елшісі Ашок Саджанхар Алматыда өткен конференция барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Оның көш басшылық қасиеттері көңіл қуантарлық. Тәуелсіздік алған жылдары Н.Ә. Назарбаевтың қолға алған «Болашақ» бірегей бағдарламасы өте дұрыс шешім және басқа дамушы елдерде оның еш теңдесі жоқ», дейді елші. Оның айтуынша, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі экономикалық қиын кезеңге қарамастан Қазақстан осындай бағдарламаны жүзеге асыруға батыл қадам жасаған. «Соңғы жылдары бұл бағдарлама елдегі экономикалық және саяси дамуда өте маңызды рөл атқаруда», дейді А.Саджанхар.

Сондай-ақ ол ҚР Президенті 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында Азиядағы іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі бастаманы көтергендігін айтып өтті. «Үндістан бұл бастаманы ол бастан-ақ қолдап келеді, Азиядағы қауіпсіздік пен сенім шараларын бұдан тыс жерлерде де қолдау білдіруде», дейді елші.

А.Саджанхардың айтуынша, Президент Нұрсұлтан Назарбаев тек өз еліне ғана емес, бүкіл әлемге сыйлы.