Президент Н. Назарбаев «жасыл» дамуға қатысты арнайы институт құруды тапсырды
«Егер біз заман ағымынан қалғымыз келмесе «Самұрық-Қазына», Мұнай және газ министрлігі, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен «Атамекен одағы» бірлесіп арнайы институт құрулары керек. Онда мамандарды іріктеп жинаулары керек. Қазір халықтың арасында 5 пайыз адамдар мүлдем жаңа энергетиканы жасап шығару туралы жиі ойлап жүреді. Біз мұнда «жасыл» экономика туралы айтып отырмыз», - деді Н. Назарбаев.
Елбасы бұл ретте «жасыл» экономиканың жаңа экономика емес екенін, оның бізге еңбек өнімділігін бермейтінін, алайда бюджеттік қаражаттың көп мөлшері соған жұмсалатынын айтып өтті.
«Дегенмен, мұнымен, экологиямен, қоршаған ортаны тазартумен айналысуға тиіспіз. Ал жаңа энергетика адамның ақылынан туады, зертханаларда пайда болады. Әлемдегі секілді бізде де шағын болса да адамдар тобы осындай жаңа энергетика туралы ойлану үстінде», - деді Мемлекет басшысы.
Сөз арасында Елбасы ұлы физик Никола Тесла туралы сөз қозғап, оның өткен ғасырда энергияның айналадағы, жердегі, ауадағы, аспандағы орны жайындағы зерттеулеріне тоқталды. Президенттің айтуынша, әлгі физик дәл сол энергияның құпиясын аша отырып, оның жойқын қабілетін көргеннен соң, бәрін сол мезетте-ақ құртып тастаған-мыс. «Біз де жұрт арасынан осындай «төтенше» жаңалық ашуға ұмтылатындарды, соған құмарларды тауып, соларға мүмкіндік жасайық. Шетелден шақыртайық. Ең бастысы ұмтылыс, қозғалыс болуы керек. Болашақтың энергиясы сонда ғана болады», - деді Н. Назарбаев.