Президент нашақорлыққа қарсы штабты Үкімет деңгейіне көтеруді тапсырды

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Бұған дейін хабарланғандай, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында наркотизмге қарсы күрес мәселелері қаралды. 

— Жиын қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Нашақорлыққа және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық штабты Ішкі істер министрлігінің қарауынан алып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің деңгейіне көтеруді тапсырды.

Бұл нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресті жандандыруға, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдар арасындағы жұмысты анағұрлым тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді, — деп жазды Қазақстан Президентінің кеңесшісі — баспасөз хатшысы Руслан Желдібай. 

Айта кетелік Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Жиында нашақорлық күрделі әлеуметтік және құқықтық құбылыс ретінде қарастырылып, наркотизмге қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды.