Президент Назарбаевты Еуропада жақсы таниды - саясаттанушы И.Семинаторе

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Президент Назарбаевты Еуропада жақсы таниды. Бұл пікірін Қазақстанда болып өткен президенттік сайлау қорытындыларына түсініктеме берген Еуропалық халықаралық қатынастар институтының президенті Ирнерио Семинаторе білдіріп өтті.

«Еуропалықтар үшін сайлаушылардың Нұрсұлтан Назарбаевты таңдауы күтпеген жағдай болған жоқ. Назарбаев - Ұлт көшбасшысы, ол елдің дамуына негіз болған күрделі экономикалық және саяси реформаларды өткізіп жүр, сондықтан халық оны бағалайды», - деді Семинаторе.

Саясаттанушының айтуынша, Н.Назарбаевтың екі қарсыласы сайлауда ҚР қазіргі Президенті сияқты бедел, күш және мұраға ие болған жоқ. Осыған байланысты, сайлаушылар тұрақтылық пен одан әрі экономикалық даму үшін дауыс беруді жөн көрді.

«Қазақстан мен Президент Назарбаевты Еуропада жақсы таниды, ЕҚЫҰ сияқты беделді ұйымға төрағалық ету - оның көптеген жетістіктерінің бірі ғана», - деп қорытындылады еуропалық сарапшы.