«Ертең жарияланатын Президент Жолдауының мазмұны қазіргі уақытта әлемнің технологияларды дамытуға көшкенін, яғни технологиялық төңкерістің болып жатқанын көрсетеді. Қазақстанға осы трендтерге қатысу аса қажет. Президент өз мәлімдемесінде технологиялық және экономикалық тұрғыда артта қалмау үшін Қазақстанға қабылдауы қажет нақты міндеттерді ұсынды. Демек, бұл ретте ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында еңбек өнімділігін арттыру туралы сөз қозғалып отыр», - дейді Санат Көшкінбаев.
Оның айтуынша, Қазақстанда қолға алынып жатқан бағдарламалар, нақтырақ айтқанда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы осы міндеттерді орындауға бағытталған.
Санат Көшкінбаевтың пайымдауына қарағанда, Қазақстан бәсекеге қабілетті бола түсуі керек. Сарапшының сөзіне сүйенсек, ұсынылған шаралар білім саласына, кадрларды даярлауға арналған.
«Демек, мұғалімдердің айлығын көтеру туралы мәселе көтеріліп отыр. Біздегі білім саласы заманауи трендтер мен уақыт талабына жауап бере алатындай бәсекеге қабілетті болуы керек. Осынау өзгерістердің мазмұны біздің «Индустрия 4.0» парадигмасына сай келу керектігін көрсетеді», - дейді ол.
Еске сала кетсек, бүгін Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдауына байланысты телеэфирде жасаған мәлімдемесінде ел алдындағы 10 негізгі міндетті атаған болатын.