Президент Нидерланд Премьер-министрінің міндетін атқарушы Марк Рюттемен сөйлесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нидерланд Премьер-министрінің міндетін атқарушы Марк Рюттемен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нидерланд тарапының бастамасымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нидерланд Премьер-министрінің міндетін атқарушы Марк Рюттемен телефон арқылы сөйлесті.

Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Нидерланд арасындағы инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективаларына баса мән бере отырып, екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелері қарастырылды.

Нидерланд еліміздің экономикасына тікелей инвестиция құю жөнінен бірінші орында тұр. 2022 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық 26 пайызға артып, 6 миллиард долларға жақындады.

Марк Рютте екі елдің арасындағы қарым-қатынастарға жоғары баға берді. Оның айтуынша, Нидерланд Қазақстанды Орталық Азия аймағындағы негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктес ретінде қарастырады.

Халықаралық күн тәртібін талқылау аясында Мемлекет басшысы бейбітшілік пен келісім үшін барлық елдің жан-жақты ынтымақтастығын БҰҰ Жарғысының қағидаттарына сай жолға қою маңызды екенін айтты.