Президент оқушылардың цифрлық профильдерін жасауды тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында оқушылардың цифрлық профильдерін жасауды тапсырды.
— Онда әр баланың оқу үлгерімі, мықты қырлары мен жетістіктері тіркеледі. Ал бұл, өз кезегінде, университет бағдарламасын оңтайландырып, жоғары оқу орнын мерзімінен бұрын тәмамдауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жасанды интеллект цифрлық профиль негізінде кәсіптік бағдар жүйесін жасақтайды. Оқушыларға қарым-қабілетіне сай даму жолдары, курстар мен жобаларды таңдау еркіндігі ұсынылуы керек. Бұл болашақ инженерлерді, зерттеушілерді, дәрігерлерді, мұғалімдер мен кәсіпкерлерді алдын ала анықтауға жол ашады. Осылайша, әрбір адам өз қабілетін пайдаланып, өмірден лайықты орнын табады. Үкіметке жаңа ЖИ университетімен интеграцияланған оқушылардың ұлттық цифрлық профильдер жүйесін құруды тапсырамын, — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, елордада Мемлекет басшысының төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жасанды интеллект саласына маманданған жаңа зерттеу университетін құруды тапсырған еді.