Президент өнеркәсіп саласына жасанды интеллектіні жаппай енгізу ісіне баса мән беруге шақырды

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы телекөпір режимінде Ақтоғай мыс балқыту зауытының құрылысын бастау рәсімінде өнеркәсіп саласына цифрлық технология мен жасанды интеллектіні жаппай енгізу ісіне баса мән беруге шақырды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Фото: Ақорда

– Озық шешімдер кәсіпорынның өнімділігін арттырып, еңбек қауіпсіздігін күшейтуге, апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді. Жақында өткен AI & Digital Bridge форумында мен Үкіметтің алдына нақты міндет қойдым. Зауыт салу барысында осы мәселені ескерген жөн. Ең алдымен құрылыс жұмысын сапалы жүргізіп, уақытылы аяқтау қажет. Осы бірегей жобаны жүзеге асыруға белсене атсалысып жатқан барша азаматқа, қытайлық серіктестерімізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Ақтоғай мыс өңдеу кешені Қазақстанның өнеркәсіптегі әлеуетін арттыра түсуге зор үлес қосады деп сенемін, – деп түйіндеді сөзін Президент.

Фото: Ақорда

Кәсіпорында кен байытудан бастап одан дайын металл шығаруға дейінгі толық өндірістік цикл қарастырылған. Кешен өзінің кен орнынан алған мыс концентратын өңдейді. Бұл шикізат көзін ғана қамтамасыз етіп қоймай, Қазақстанда шығарылатын өнімнің қосылған құнын арттыруға мүмкіндік береді. 

Жобаны KAZ Minerals тобы жүзеге асырады, ал қытайлық NFC компаниясы – инженерлік серіктес. Бастамаға шамамен 1,8 миллиард доллар инвестиция салынады, сондай-ақ оның аясында 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Фото: Ақорда

2030 жылы алғашқы мыс катодын алу жоспарланып отыр. Зауытта мыстан бөлек, алтын, күміс және басқа да ілеспе өнімдер шығарылады.

Фото: Ақорда

Телекөпір барысында Абай облысының әкімі Берік Уәли, KAZ Minerals тобы директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук, China Nonferrous Metal Mining Group директорлар кеңесінің төрағасы Вэнь Ган сөз сөйледі.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы телекөпір режимінде Ақтоғай мыс балқыту зауытының құрылысын бастау рәсіміне қатысқанын жазған едік.