«Әу баста «Томирис», «Тұмар», «Алқа» атанғымыз келді. Кейін топ мүшесі Айжанның ұсынысын құп көріп, «Көркем» деген атқа тоқтадық», - дейді Г.Бекішова. Күйші қыздар күні бүгінге дейін Президент оркестрінің орындаушылары ретінде Ақордада өткен ресми кездесулерде мәртебелі меймандарды қарсы алып, оларды ұлттық өнеріміздің кәусарымен сусындатқан. Өнерпаздар өз жұмыстарын әр қарай жалғастыра бермекші екен. Олардың сөзінше, топ мүшелері өнер жолының ауыр екенін бір кісідей біледі. Сондықтан талмай, танбай еңбек ете бермек. «Тыңдармандар сынаса да, мақтаса да салқынқандылық танытамыз деп отырмыз. Себебі, сынады екен деп сынып қалуға, мақтады екен деп көкірек керуге болмайды», - деді А.Әбілбекова. Бүгінге дейін қыздар бірнеше күй жаздырып, түрлі сахналық киімдер тіктіріпті. Мұның жай-жапсарын топ мүшесі А.Жұмабаева былай баяндады: «Дәл қазір 3 түрлі сахналық киіміміз, «Ақ ілме», «Шығыс әндерінің поппуриі» және «Мұңайма» атты күйлеріміз бар. Таяуда арнайы фотосессия жасадық. Енді, бейнебаян түсіруді жоспарлап отырмыз. Уақыт өте келе топ құрамында жеке әншінің пайда болуы мүмкін. Ол әнші арамыздан шыға ма, әлде сырттан қосыла ма, оны дәл қазір айта алмаймыз. Негізі, арамызда ән шырқай алатын қыздар бар». «Көркем» этно-аспаптар тобының мүшелері домбыра, қылқобыз прима-қобыз және сазсырнай аспаптарында ойнайды. «Әрқайсымыз өзіміз ойнайтын ұлттық аспаптарды шеберлерге арнайы тапсырыс беріп жасаттық. Оны көзімізді жұмып отырып та ойнай береміз», - деді Ә.Бейсен.