Президент отаншылдықтың басты өлшемін атады

АСТАНА. KAZINFORM — Шынайы отаншылдық адамдарға қамқорлықтан көрінеді, кейінгі ұрпаққа не қалдырамыз деген салмақты сауалмен өлшенеді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІІ форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Фото: Ақорда

— «Халықтық құрылыс» бағдарламасы, жемқорлықпен жаппай күрес, мемлекеттік басқару жүйесіндегі реформа, қоғамда жаңа жасампаз құндылықтарды орнықтыру — мұның бәрі үлкен жолдың басы ғана. Алдымызда әлі көптеген іс пен биік белестер күтіп тұр. Осыған дейін айтқанымдай, ел дамуына қатысты орта және ұзақмерзімді перспективаға арналған ойларым мен жоспарым бар, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетіміздің Егемендігін, Тәуелсіздігін қорғауға қатысты кейбір мәселе түбегейлі шешімін таппағанын тағы да баса айтты.

— Мен ол жөнінде халыққа арнаған Жолдауымда айтқанмын. Тоқмейілсіп, бейқам жүрудің жөні жоқ. Мұны жақсы түсінуіміз керек. Менің ойымша, Мемлекет басшысының міндеті — жүйелі әрекет ету, діттеген мақсаттан айнымау, ел тағдырындағы маңызды шешімдер үшін жауапкершілік арқалау. Еліміздегі өзгерістердің қарқын алғаны қуантады. Ол енді тоқтамайды. Сондықтан халықтың әл-ауқаты мен ұлттық мүддені қара басының қамынан жоғары қоятын нағыз мемлекетшіл тұлғалар қажет. Шынайы отаншылдық адамдарға қамқорлықтан көрінеді, кейінгі ұрпаққа не қалдырамыз деген салмақты сауалмен өлшенеді, — деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пайымынша, бақ-дәулет келеді де кетеді, ал соңыңда жасаған ісің мен жақсы атың қалады. Соның бірі — ертең адамдар, келер ұрпақ игілігін көретін әлеуметтік инфрақұрылымдар.

— Қоғамда заң үстемдігі салтанат құруы үшін сенімді тірек керек, яғни, адамдардың өзегі мықты, моральдық принциптері мықты болғаны жөн. Дәл осы себепті жаңа қоғамдық этика қалыптастыру және «Таза Қазақстан» тұжырымын дәріптеу өте маңызды. Өйткені тек айналамыздан ғана емес, азаматтарымыздың ниет-пиғылынан, сөзінен және іс-әрекетінен тазалық сезіліп тұруға тиіс, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.