деп хабарлайды Елбасының баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, «ТҮРКСОЙ» бас хатшысы Д.Қасейінов хатында «ТҮРКСОЙ-ға мүше түркі тілдес бауырлас халықтардың арасындағы достықты нығайтуға Сіздің қосқан құнды үлесіңіздің маңызы зор» деп Елбасы еңбегін кеңінен атап өткен.
Павлодар облысының әкімі Б.Сағынтаевтың хатында Елбасының сарабдал саясатының арқасында еліміз биік белестерге көтеріліп, экономикасы дамыған, әлеуеті орасан, әлемге танымал, гүлденген мемлекетке айналғаны атап өтілген. Мұндай игі тілектерді ҚР ҰҒА академигі, Молекулярлық биология институтының директоры Н.Айтхожина, 1-сыныпты ұшқыш Н.Ақмұқанов, профессор Б.Досқараев, батыр ана С.Жұмабекова т.б. білдірген. «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары, «Халықаралық бағдарламалары орталығы» АҚ қызметкерлері «Сіз бастаған реформаны жалғастырып, Отанымыздың жарқын болашағын қамтамасыз ету үшін әрқашан қолымыздан келгенді жасауға аянбайтынымызды білдіргіміз келеді», деп жазады.
«Еліміздегі тұрақтылықтың орнатылуы, әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың тұрмыс деңгейінің үздіксіз артуы, шағын және орта бизнестің өркендеуі - Сіздің есіміңізбен тығыз байланысты деп білеміз», деп жазады Елбасына жолдаған хатында «Жер - Ана групп» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы А. Қозбақов. Мұндай мазмұндағы хаттар «Шырақ-ПВ» ЖШС бас инженері Т.Салиевтен, «Қазақстан тауар биржасы» АҚ президенті Б.Сәдуақасовадан келіп түсті.
«Сізге дауыс беру арқылы біз өзіміздің болашағымызды айқындап алдық. Ертеңгі күнге сеніммен қарайтын болдық», деп ағынан жарыла жазады Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы тұрғындарының атынан хат жолдаған авторлар. Бұл хатқа Б.Слямов, Н.Қалитова, С.Ақтанов, Д.Байбатырова, Қ.Арынғазин, А.Қасымбаева қол қойған. Осындай ізгі ниетті тілек білдірген қазақстандықтар арасында Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Үлгілі ауылының тұрғыны Е.Серікбайұлы, Екібастұздан Мұхамеджановтар отбасы, Алматыдан О.Мәден, Алматы қаласынан Қ.Қабдолдин, Е.Балбаев, Т.Егізбаев, А.Талипбаева, С.Әшірбеков, т.б. бар.
Алматы облысы, Қаскелеңнен хат жолдаған, ұлағатты ұстаз С.Исаев пен С. Қыдыралиев жүрекжарды тілектерін: Туған ерсіз қазағымның бағына, Құт-береке дари берсін тағыңа. Елімізді болашаққа бастай бер, Жеңісіңмен қуанта бер тағы да, - деп өлең жолдары арқылы білдіреді.