Президент поштасынан: Мемлекет басшысының атына Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты құттықтаулар толассыз келіп түсуде

None
АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат. Мемлекет басшысының атына ел, үкімет басшыларынан, халықаралық ұйымдардың өкілдерінен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты құттықтаулар толассыз келіп түсуде,

деп хабарлайды Елбасының баспасөз қызметі.

Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев «Қазақстан өткен жылдар ішінде өз Президентінің дана басшылығымен экономикалық және қоғамдық-саяси жаңарулар, өзінің халықаралық беделін нығайту ісінде айтарлықтай табыстарға жетті» деп атап өткен.

Түркия Республикасының Президенті Абдолла Гүлдің жеделхатында былай делінген: «Біз бауырлас Қазақстан Сіздің басшылығыңызбен Тәуелсіздігін алғаннан кейінгі 20 жыл ішінде егемендігі мен экономикасын нығайтып, әлемдік қоғамдастықтың беделді мүшесіне айналғанының куәсі болғанымызға қуаныштымыз. Біз Қазақстанның жетістіктерін мақтан етеміз».

Иран Ислам Республикасының Президенті Махмуд Ахмадинежад құттықтау хатында Қазақстан өзінің дамуы мен гүлденуі жолында алдағы уақытта да үлкен табыстарға жететініне сенім білдірген.

Өзінің құттықтау хатында Корея Республикасының Президенті Ли Мён-Бак: «Мен Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының ортақ мүддесіне, өзара құрмет пен халықтар достығына негізделген ынтымақтастық одан әрі нығая беретініне сенемін», деп атап өткен.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының атына келген құттықтау жеделхаттарын Ұлыбритания Королевасы ІІ Елизавета, Монғолия Президенті Цахиагийн Элбэдорж, Грузия Президенті Михаил Саакашвили, Латвия Республикасының Президенті Андрис Берзиньш, Грекия Республикасының Президенті Каролос Папулиас, Бельгия Королі Альберт ІІ, Нидерланды Королевасы Беатрикс, Индонезия Республикасының Президенті Сусило Бамбанг Юдойоно, Түркия Республикасының Премьер-Министрі Реджеп Тайип Эрдоған жолдаған.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен Президент Нұрсұлтан Назарбаевты халықаралық ұйымдардың өкілдері құттықтады.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Мұратбек Иманалиевтің жеделхатында былай делінген: «Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыруда және нығайтуда зор табыстарға, сондай-ақ елдің халықаралық аренада беделінің үдемелі артуына қол жеткізді. Шанхай ынтымақтастық ұйымының негізін қалаған елдің бірі бола отырып, Қазақстан ШЫҰ аясында орныққан тату көршілестік, өзара түсіністік және сындарлы әріптестік қатынастарды дамытуға елеулі үлес қосты».

ЕурАзЭҚ Бас хатшысы Таир Мансұров: «Қазіргі заманғы Қазақстанды құрушы, бүкілхалықтық танымал Ұлт Көшбасшысы ретінде, Сіз елдің үдемелі әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған мемлекеттік саясатты дәйекті түрде және сеніммен жүзеге асырып келесіз. Қазақстан өз тәуелсіздігінің 20 жылдығын біздің елімізді жалпы әлемдік үдерістерге белсене қатысқан, демократиялық мемлекеттер қатарына шығарған орасан жетістіктерімен қарсы алды. Сіздің Еуразиялық одақтас мемлекеттерді қалыптастырудағы көпшілік мойындаған серпінді идеяңыз Сіздің қажырлы қызметіңіздің арқасында Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың, Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құрылуын іске асырды», деп атап өткен.

Мемлекет басшысы Тәуелсіздік күнімен құттықтауларды ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Маргарет Ченнен, ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы Сергей Лебедевтен, ТМД Парламентаралық ассамблеясы кеңесі Бас хатшысының орынбасары Михаил Кротовтан, ТМД Парламентаралық ассамблеясы кеңесі Бас хатшысының орынбасары Халел Бакеновтан алды.