Президент сапары: Қазақстан - Түркия байланысы қалай өзгереді

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысының Түркиядағы ресми сапары аяқталды. Бұл жолы түрік инвесторларымен кездесу, Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің отырысы, екіжақты келісімдер жүзеге асты. Президент сапары қандай нәтижеге жетеледі, қазақ-түрік қатынасында қандай бетбұрыс болуы мүмкін? Аталған сауалға Kazinform тілшісі жауап іздеді.

Бірлікке ұмсынған қол

Қасым-Жомарт Тоқаевты Анкараның «Есенбоға» әуежайында Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған жеке қарсы алды. Қарсы алып қана қоймай, бауырлас ниетін танытып, құрмет қарауылы алдында қол ұстасып қадам басқанын көрдік. Мемлекет басшысына «Екінші отаныңызға қош келдіңіз» деп құрмет көрсетуі де назарға ілікті. Мұндай дипломатиялық ишара әлем жұртына екі елдің жақын серіктес, айнымас ағайын екенін сездірсе керек.

Фото: Ақорда

Осы жолғы сапардың терең мәні бауырластықпен астасып жатыр. Айтылатын ұсыныстар мен қолға алынатын бастамалардың әрбірі қос тараптың мүддесін орайластыра қалыптасатынына үміт басым. Мемлекет басшысы әуежайдағы Түркия президентімен болған аз-кем әңгіме барысында мазмұндас ойын жеткізгені есте.

Фото: Ақорда

– Қонақжайлық танытқаныңызға көп рақмет. Әуежайға келіп, мені қарсы алдыңыз. Бұл мен үшін үлкен құрмет. Біздің арамызда ешқандай түйткіл жоқ. Бізді тек туыстық, ынтымақтастық байланыстырады. Ертең маңызды сапар болады. Сапардың бағдарламасы өте мазмұнды. Оны толық іске асырамыз деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: Ақорда

Алғашқы ресми шара елдің негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүріктің кесенесінен басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Анытқабір кесенесіне жерленген ұлы қайраткердің рухына зиярат етіп, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Артынша делегация мүшелерімен бірге гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.

Фото: Ақорда

Бауырлас халық мұндай қадамды қонақжай пейіліге деген ризашылық әрі ұлт тарихына жасалған құрмет есебінде қабылдауда.

Инвесторлармен кездесу: Түрік инвесторлары қай салаға келеді?

Расында, кешегі күн қазақ-түрік саяси-экономикалық байланысындағы маңызды дата болды. Президент ірі түрік кәсіпкерлерін қабылдап, алдағы жобаларды талқылады. Олардың қатарында Tiryaki Holding, Orzax Group, YDA Holding, S Sistem Lojistik компанияларының басшылары бар.

Фото: Ақорда

Аталған компаниялар тек түрік нарығында ғана емес, алыс-жақын шетелде сәтті нәтиже көрсетіп келеді. Әрбірінің салада салмағы, Қазақстандағы нарықты өзгертуге қауқары мол. Мысалы, Orzax Group биологиялық белсенді қоспалардың 150 түрін өндіріп, әлемнің 60 еліне экспорттайды. Олар Түркістан облысында биоқоспалар өндіретін зауыт салуды жоспарланып отыр. Өндіріс жобасына 40 миллион доллар инвестиция құйып, 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Өндірістік базаны кеңейтумен ғана шектелмей, ғылыми-зерттеу және инновация бағытын дамытуға ниетті. Бастама жүзеге асса, отандық фармацевтика саласын жандандырып, экспорт әлеуетін артатын болады.

Ал Tiryaki Holding Қазақстандағы агроөнеркәсіп кешеніне тыңнан түрен салуды көздеп отыр. Қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы жергілікті мамандардың біліктілігін арттырамыз деген ойда. Компания басшысы Президентпен кездесуде Астана қаласынан бидай мен бұршақты терең өңдеу зауытын салатынын жеткізген.

Айта кетерлігі, Түркия астық тасымалы саласында маңызға ие. Ресей мен Украина арасында қарулы қақтығыс басталған тұста атақты «Астық келісімін» орнатуға атсалысты. Қазір де Еуропа мен Африка құрлығына тасымалданатын астықтың көбі бауырлас елдің арағайындығымен жетуде. Егер Tiryaki Holding ел нарығына орнықса, дәнді, майлы дақылдар, жем-шөп өндіру және экспорттау бойынша әлемдегі көшбасшы компанияның тәжірибесі қоса келмек.

Отандық кәсіпкерлер де Түркия нарығына дендей еніп келеді. Өткен жылы өзара сауда айналымы 5 миллиард АҚШ долларын құраған. Мемлекет басшылары көрсеткішті 10 млрд долларға жеткізуге талпынып келеді. Алайда алыс-беріс статистикасын арттыруға басты кедергі бар, ол – көлік-логистика түйткілі. Салада жүк тасымалының көлемін арттыру, жеткізу уақытын қысқарту негізгі міндетке айналуда.

Фото: Ақорда

Сол үшін Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытып, Еуразиядағы жетекші транзиттік хабқа айналуға көшкен. Егер түркиялық инвесторлар елге келсе, транзит уақытын қысқартуға және экспорт инфрақұрылымын жетілдіру мүмкіндік беретін жобалар басталмақ. Нақтыласақ, S Sistem Lojistik компаниясы Ақтөбе халықаралық әуежайында логистика орталығын құрмақшы, Астана, Алматы, Шымкент және Ақтау қалаларында да логистика орталығын кеңейтуді жоспарлаған. Ал түркиялық YDA Holding Ақтауда мультимодальді транзит хабын құруды ойластырып отыр.

Бұл жобалар жүзеге асқан уақытта біздегі сауда қарқыны қалай болмақ? Әзірге жоспар бар. Әсіресе, ауыл шаруашылығындағы экспорт жүктеме жеңілдеп, көлем артпақ. Қазір Қазақстанда өндірілетін дәнді дақылдың төрттен бірі, мақтаның үштен бір бөлігі, дән желімшесінің (клейковина) 26 пайызы Түркияға жеткізіледі. Түрік кәсіпкерлерінің қатысуымен ауыл шаруашылығында құны 1,3 миллиард доллар болатын 23 инвестициялық жоба қолға алынған. Олардың 18-і іске қосылып, өнімдері халықаралық нарыққа шықты. Мемлекет басшысының сөзінше, алдағы уақытта Қазақстан Түркия нарығына кемінде 34 түрлі өнім жеткізуге дайын. Оның көлемі 1 миллиард долларға жуықтайды. Түркиядан келетін тауар түрлері де артады.

Жалпы елімізде 4 мыңға жуық түрік компаниясы бар. Олар құны 6 миллиард АҚШ долларын құрайтын жобаларға үлес қосуда. Басым дені энергетика, құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, медицина, туризм секілді маңызды салаларға шоғырланған.

Транзиттік хаб тең мүмкіндік береді

Сапардың маңызды сатысы Қазақстан-Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 5-ші отырысында жалғасты. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған түрлі тақырыпта пікір алмасып, жүзеге асатын бастамаларды талқылады. Ішінде қорғаныс өнеркәсібі, ақпараттық технология, жасанды интеллект, қаржы, азаматтық авиация саласы қамтылған. Денсаулық сақтау және туризм бағытында жоба басым.

Фото: Ақорда

Кеңес отырысының негізгі миссиясы инвестиция бағытын бағамдау болғаны байқалады. Олай дейтініміз, Президент кәсіпкерлерге ел нарығына енуге бірнеше мәрте ұсыныс айтқанын естідік. Оған қоса бауырлас екі тарапқа тиімді салаларды дамытуға шақырды. Мәселен, түрік компанияларын энергия тапшылығын жоюға бағытталған жобаларға қатысуға үндеді. Әсіресе «ҚазМұнайГаз» бен Turkiye Petroleum арасындағы ынтымақтастықтың нәтижелі болатынына сенімі жоғары. Оған қоса Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры арқылы экспорт көлемін арттыруды қалыс қалдырмады. Қазақстан тарапы бірлескен қор құру арқылы тау-кен саласы мен табиғи ресурстарды игеруге мүмкіндік беріп отыр.

Фото: Ақорда

Кеңесте түрік инвесторларының көкейіндегі біршама сұраққа жауап алынғандай. Бастысы, «Қазақстан бизнеске қандай мүмкіндік береді?» деген заңды сауалға жауап табылды. Тарқата айтсақ, Түркия азаматтарына Қазақстан аумағында 90 күнге дейін визасыз жүруге рұқсат берілген. Салық кодексінде шикізатты терең өңдеуге ынталандыратын роялти тәртібі, яғни айрықша мүмкіндіктер қарастырылғаны айтылды. Шетелдік кәсіпкерлер үшін қолға алынған құқықтық реформа мен салық жеңілдіктері туралы ақпаратты Мемлекет басшысының өзінен есту инвесторларға сенім ұялатқаны сөзсіз.

– Түркия компанияларын ұзақ мерзімге арналған ірі жобаларға атсалысуға шақырамын. Көлік-логистика саласындағы байланысты күшейтуге мүмкіндік мол. Біз елдеріміздің стратегиялық тұрғыдан ұтымды жерде орналасқанын барынша тиімді пайдалануымыз керек. Қазір Еуропа мен Қытай арасында құрлық жолымен тасымалданатын жүктің шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Осы ретте Транскаспий халықаралық көлік бағдарын, яғни, «Орта дәлізді» дамытудың мән-маңызы зор. Бұл – екі елдің мүддесіне сай келетін бастама. Қазақстан теміржолды жаңғырту, автокөлік жолдарын салу, сондай-ақ Каспий теңізінде кеме қатынасын жандандыру үшін инфрақұрылымды жетілдіру жұмысын қолға алды. Түрік инвесторларын осы жобаларға белсене қатысуға шақырамыз. Үкіметіміз Түркия кәсіпкерлеріне арнайы жеңілдіктер ұсынуға әзір, – деді Президент.

Екі ел тек экономикалық бағдармен шектелмей, білім мен руханият тамырын бекемдей түсті. Алдағы уақытта Астана мен Алматы қалаларында «Маариф» қорының екі мектебі, Түркияның үздік оқу орындарының филиалдары ашылмақ. Келер жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынып жатқан Газиантеп провинциясында мектеп құрылысы аяқталады.

– Қазақстанмен арадағы ынтымақтастыққа ерекше мән береміз. Бүгінде екі ел арасындағы байланыстар стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Осы оң серпінді сауда-саттық, қорғаныс өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм және мәдениет салаларында одан әрі тереңдетуді мақсат етіп отырмыз. Қазақстан – атамекеніміздегі ең ірі сауда серіктесіміз. Сауда айналымын 15 миллиард долларға жеткізу үшін жұмысымызды жалғастырамыз, – деді Түркия Президенті.

Сонымен, Мемлекет басшысының Анкараға ресми сапарының аясында 18 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылып, Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасында Бірлескен декларация қабылданды. Іс орайынан ұққанымыз, келешек түрік инвестициясы көлік-логистика, тау-кен, энергетика, туризм саласына ойыспақ.

«Devlet Nişanı»: қазақ-түрік ынтымақтастығының жаңа белесі

Фото: Ақорда

Түркиядағы жауапты кездесу жарқын сәтпен түйінделгені анық: Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркия Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Devlet Nişanı» орденін табысталды. Режеп Тайип Ердоған мұндай ілтипаттың орынды әрекет екенін атап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еларалық ынтымақтастыққа қосқан үлесін жоғары бағалады.

– Қымбатты бауырым Қасым-Жомарт Тоқаевтың сындарлы басшылығымен Қазақстан өз аймағындағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың мекеніне айналды. Қазақстанның жетістіктерін біз әрқашан мақтан тұтамыз. Сондай-ақ Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымын институттандыруға қосқан үлесін жоғары бағалаймын. Түркия мен түрік халқының досы екеніңізді бірнеше мәрте көрсеттіңіз. Осы орайда мен Сізге Түркия Республикасының ең жоғары марапатын табыстауды үлкен мәртебе деп санаймын. Біздің мемлекеттік орденімізді елдеріміз арасындағы мызғымас достықтың символы ретінде қабылдайсыз деп сенемін, – деді Түркия Президенті.

Президент әдетте марапат атаулыға сақтықпен қарайды, көбісінен бас тарқанын да білеміз. Алайда бұл жолғы марапатты достық пен бауырластық белгісі деп қабылдайтынын айтқан.

Фото: Ақорда

– Бұл жоғары марапатты түрік елінің барша қазақ халқына көрсеткен ерекше құрметі деп санаймын. Осы игі бастама – тамыры бір, діні мен ділі ортақ халықтарымыз арасындағы мызғымас достықтың айқын белгісі, қастерлі құндылықтарымызды дәріптейтін маңызды қадам. Сондай-ақ бұл – қазақ-түрік стратегиялық ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға деген өзара ұмтылыстың айғағы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: Ақорда

Анадолы жеріндегі ресми сапардың негізгі өзегі экономикалық өсім мен саяси қарым-қатынасты ілгерілетуге бағытталғаны сөзсіз. Бастысы, айтылған сөз бен қабылданған шешімдер қазақ-түрік қатынасының жаңа кезеңін ашатынына үміт зор.