«Дизель отынының сапасына қатысты сын айтылуда. Фермерлер отын сапасының төмен болуы салдарынан өте қымбат ауыл шаруашылығы техникасының істен шығуы фактілерін айтуда. Осыған байланысты Энергетика министрлігі мен әкімдер жанар-жағармайдың көлемін ғана емес, сапасын да қамтамасыз етуді бақылауға алу тиіс», - деп тапсырды Президент.
Осы орайда Мемлекет басшысы сапасыз отынды жеткізу экономикаға, сондай-ақ елдің ұлттық қауіпсіздігіне келтірілген тікелей залал екенін қадап айтты.
«Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қаржы министрлігінің Экономикалық тергеу қызметі сапасыз жанар-жағармай жеткізетін компаниялар мен жеке тұлғаларды анықтауы керек. Аталған жағдай елдің қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, экономикалық әлеуетін түсіреді. Мұндай қастық жасайтындардың осы және басқа да ұқсас іс-қимылдарын құқық қорғау органдары тіркеуге алуы тиіс», - деді Президент.
Осы орайда Мемлекет басшысы аталған залалды іс-қимылдар жасайтындар заң бойынша жауапкершілікке тартылуы керектігін атап өтті.