Бүгін Мемлекет басшысы Ақордада 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай әйелдер қауымымен кездесті. Олардың ішінде Батыс Қазақстан облысынан келген "Нұр" шаруа қожалығының жетекшісі Светлана Мәутеева да болды. Кәсіпкер өз шаруашылығының атауын айтқанда Президент оның сөзін бөліп: "Атауы жақсы екен. Бірақ қазір бәрі "Нұр"-дан басталады деп, сынға алып жатады. Сонда оны менімен байланыстырып жатады (күлді). Мен атауын солай қойсын деп айтпаймын ғой", - деді Н.Назарбаев.
Кәсіпкер әйелдің сөзіне қарағанда, осыдан алты жыл бұрын арнайы білімі болмаса да, мемлекеттік бағдарлама аясында 200 миллион теңгеге несие алды. "Шынымды айтсам, қорқыныш болды. Бүгінде орта және шағын бизнеске жасалып жатқан қолдаудың арқасында біраз жетістіктерге жеттік. Асыл тұқымды малды өсіреміз. Жылқы, қой, ешкі, тауық - бәрі бар", - деп атап көрсетті С.Мәутеева.
Айта кетейік, Ақордада өткен кездесуде Н.Назарбаев барша аналар мен қыз-келіншектерді 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.
"Ананың құдіреті шексіз. "Оның алдында бүкіл дүние бас иеді" деп тегін айтылмаса керек. Ерте заманда жауласқан жұрттың ортасына ана ақ жаулығын тастаған кезде соғыс тоқталып, бітімге келетін болғанын білеміз. Дәстүрімізді барынша сақтап келе жатқан біз әйел затын әсіресе қадірлейтін xалықпыз. Қазақ ұлты қыз баланы әр уақытта алақанына салып, аялап отыратын. Бұл салтымыз отбасы үшін бұзылмас заңдылыққа айналып келеді. "Ана" деген қастерлі сөзді естігенде тебіренбейтін жүрек жоқ, толқымайтын көңіл болмайды", - дейді Н.Назарбаев.
Сондай-ақ, жиында Мемлекет басшысы көпбалалы отбасыларға көмек беру мәселесін де қозғады.