Президент сайлауы: Ә.Құсайынов «Ел мен жер тағдыры» тақырыбында шығарма жазуға кірісті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия алдында президенттікке өзін-өзі ұсынған Қазақстанның кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов сынақ тапсыруда.

«Сіздердің алдарыңызға Әбілғазы Қалиақпарұлы Құсайынов мырза мемлекеттік тілден емтихан тапсыру үшін келіп отыр. 1952 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Білімі - жоғары. Инженер-механик, саясаттанушы. Астана қаласында тұрады. Өзін-өзі ұсынған. Қазір Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясының төрағасы болып жұмыс істейді», - деді кандидатты таныстырған комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков.

Комиссия төрағасы емтихан тапсырушыға үш кезеңмен өтетін сынақтың ережесін ежей-тегжейлі түсіндірді.

Осыдан кейін Ә.Құсайынов «Ел мен жер тағдыры» тақырыбын таңдап, 2 беттік шығарма жазуға кірісті.

Ә.Құсайынов 1952 жылы 6 ақпанда Қарағанды облысы Тельман ауданының Майөзек кентінде туған. Қарағанды политехникалық институтын, Ресей басқару академиясын бітірген. Мамандығы бойынша - инженер-механик, саясаттанушы. Еңбек жолын Кузнецк металлургиялық комбинатында бетон құюшы болып бастады. «Қарағандыкөмір» комбинатында бұрғышы, шахта кеншісі болып жұмыс жасады. Қарағанды облысының мемлекеттік басқару органдарында басшылық қызметтер атқарды.

Сонымен қатар ол ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Парламент Сенаты төрағасының орынбасары болып сайланған. ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы, Көлік және коммуникация вице-министрі, Экономика, индустрия және сауда вице-министрі, ҚР Индустрия және сауда министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы, Көлік және коммуникация бірінші вице-министрі болып жұмыс жасады. ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің жауапты хатшысы болды. 2009 жылғы наурыздан 2011 жылғы сәуірге дейін ҚР Көлік және коммуникация министрлігін басқарды. Ал 2011 жылдан 2013 жылға дейін Қарағанды облысының әкімі болды. Қазіргі уақытта - ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы. «Құрмет» орденімен, сондай-ақ медальдармен марапатталған.