Президент сайлауы: Ә.Құсайынов мемлекеттік тілді еркін меңгерген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенттігіне үміткер ретінде өтініш берген Әбілғазы Құсайынов мемлекеттік тілден емтихан тапсырып, сыннан сүрінбей өтті.

«Бірінші сұрағына «Ел мен жер тағдыры» деген тақырып келді. Тақырыпты ашқан, 6 қате жіберген. 1-еуі емле, 3-еуі тыныс белгісі, стильдік қатесі 2-еу. Жалпы, осы күнге дейін лингвистикалық комиссия 8-ден жоғары қате жіберсе және жауабы нашар болса, онда ол кандидат мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деген қорытынды шығарып жүр. Ал бұл кісінің жауабы жақсы», - деді Ә.Құсайыновтың сынақ нәтижесін жария еткен ҚР Президенттігіне үміткерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков.

Оның атап өтуінше, екінші тақырыпта Ә.Құсайынов М.Әуезовтің прозасынан үзіндіні мәнерлеп, жақсы оқыған.

«Үшінші тақырып - «Ырыс алды - ынтымақ». Өте әдемі әңгіме болды. Комиссия мүшелері ризашылық танытты. Шынын айтуымыз керек, қазіргі президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан кейінгі көңілімізден шыққан жақсы жауап болды.Сайлауға осындай қайраткерлер түсуі керек. Кеше министр болған, елімізде үлкен облысты басқарған азамат, қазір Қазақстанның кәсіподақтар федерациясын басқарады. Біздің лингвистикалық комиссиясының шешімі -Әбілғазы Қалиақпарұлы Құсайынов қазақ тілін еркін меңгерген. Біз сізге табыс тілейміз. Қазақстанға осынша жақсылық жасап, мемлекет құрған Н.Назарбаевпен таласу оңай емес, тырысып бағу керек», - деген М.Жолдасбеков үміткерге сәттілік тіледі.