Президент сайлауы: А.Өтепова мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін дәлелдеу үшін ОСК-ге келмеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияға президенттікке өзін-өзі ұсынған Айгүл Өтепова сынақ тапсыру үшін келмеді.

1970 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген ол бүгін таңертең 10-00-де Орталық сайлау комиссиясына келіп, мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін дәлелдеуі тиіс болатын. Бірақ, ол сынаққа келмеді. Сондықтан дәл осы уақытта ОСК-ге келген тағы бір үміткер Серік Мұқашев мемлекеттік тілден сынақ тапсыруға келісім берді. Бұл үміткер сағат 15-00-де сынақ тапсыруы тиіс болатын.

Серік Тасқараұлы Мұқаш 1950 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Білімі - жоғары. Қазіргі уақытта Щучье қаласында тұрады. «Экологиялық тұрақтылық» қоғамдық қоры басқармасының төрағасы.