Президент сайлауын 10 мыңға жуық тәуелсіз байқаушы бақылайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Қазмедиа» орталығында «Сайлау барысында процедуралық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу» тақырыбында семинар-тренинг өтуде.

«Семинардың басты мақсаты 26 сәуірге белгіленген кезектен тыс президенттік сайлауға байқаушыларды оқыту болып саналады. Ал Республикалық қоғамдық комиссияның негізі мақсаты мен міндеті - сайлаудың құқықтық әрі әділ өтуін қамтамасыз ету. Дәл осы мақсаттар үшін біз өз алдымызға шамамен 10 мың байқаушыны оқытып, дайындауды басты міндет ретінде жүктеп отырмыз», - деді БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Қазақстан Республикасындағы сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия штабының қызметкері Мақсат Мүйтінов.

Оның атап өтуінше, семинар барысында байқаушылар бастапқы дайындықтан өтеді. Ал одан кейін оларды оқыту мәселесімен Қазақстанның барлық өңірінде құрылған штаб айналысатын болады.