Оның айтуынша, қазіргі қалыптасқан жағдайды халық та жақсы түсінеді.
«Неге Президент сайлауын биыл өткізу қажет? Мұның басты себебі, экономикалық, қаржылық дағдарыс. Ол бүкіл әлемді шарпып келеді. Қазақстан бұдан шет қала алмайды. Саясаткерлердің айтуынша ол келесі жылға да созылады. Демек, Президент және Парламент сайлауын алдағы жылы қатар өткізу - қаржылық қиындықтарға әкеп соғуы мүмкін. Сол үшін Президент сайлауын биыл өткізуде үлкен мән жатыр. Соңғы 25 жылға жуық уақыт ішінде Қазақстан небір дағдарысты бастан кешті. Солардың барлығынан халықты күйзелтпей, жұртты жұтатпай, қиыннан қиыстырып жол тауып аман-есен алып келе жатқан Елбасының қолына ел тізгінін қайта ұстатсақ, келесі жылы Парламент сайлауын еш қиналмай өткізуге мүмкіндік туады. Бұдан ешқандай бір құйтырқы амал-айла, тәсіл іздеудің қажеті жоқ», - деді Ж. Ерман.
Сонымен қатар, ол Мемлекет басшысының үстіміздегі жылы 11 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында ірі мерейтойлар мен шараларға кететін шығындарды қысқарту туралы ұсынысы әр жерде бұрмаланып, асыра сілтеушілік әрекеттер орын алып жатқандығына өкініш білдірді.
«Елбасының шашпашылықты доғару керектігі туралы ұсынысы дер кезінде айтылды", - деп атап өтті Ж. Ерман.