«14 ақпанда Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесі Президент сайлауын 2015 жылы кезектен тыс өткізу идеясын ұсынды. Қазақстан жазушылар одағы шығармашылық зиялы қауымның жетекші бірлестігі ретінде осы тағдыршешті мәселе бойынша өз ұстанымын айтуды азаматтық борышы деп санайды. Қазіргі күні әлемдегі жағдай тұрақсыз. Әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны етек алуда. Осының барлығын біз теледидар экрандарынан көріп, газет беттерінен оқып отырмыз. Қазақстан жаһандық экономиканың бір бөлігі ретінде әлемдік дағдарыстың салмағын сезінуде. Сонымен қатар Қазақстанның дағдарысқа қарсы нақты даму жоспары бар. Бұл Елбасының «Нұрлы жол» бастамасында көрініс тапқан. Елімізде ауқымды «Қазақстан-2050» стратегиясы, индустриалды- инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осыған байланысты ұзаққа созбай әрі қоғамды көп күттірмей сайлау циклінен өтіп алу өте маңыды деп есептейміз. Сондықтан біз президент сайлауын кезектен тыс өткізу идеясын толығымен қолдаймыз. Бұл барша мемлекеттік органдардың, Үкімет пен Парламенттің дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға жұмылдыруы үшін шешуші шарт болмақ. Халқымыз әрқашан шешуші сәттерде өз Елбасының маңына шоғырланып, кез келген сын-қатерлерге бір адамдай қарсы тұрады.
Сондай-ақ сайлауды еліміз үшін маңызды болатын Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы, Конституцияның 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында өткізудің маңызы зор деп санаймыз. Мәңгілік ел идеясымен біріккен Қазақстан барлық сынақтардан сүрінбей өтеді деп сенеміз. Отанымыз - ҚР әрқашан өркендей берсін!», - делінген Н.Оразалин жария еткен Қазақстан жазушыларының үндеуінде.