Президент сайлауын қоғамдық комиссияның 10 мыңға жуық байқаушысы қадағалайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Президент сайлауын қоғамдық комиссияның 10 мыңға жуық байқаушысы қадағалайды.

Бұл туралы бүгін «Қазақстан Республикасындағы сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Ерімбетов айтты. «Біз жақында Қазақстан Республикасындағы сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияны құрдық. Оның құрамына елімізге белгілі, өз ісін, елдің жағдайын жетік білетін азаматтар кіріп отыр. Қазір байқаушыларды дайындау жұмыстарын қолға алудамыз. Республикадағы барлық сайлау учаскелерінде 10 мыңға жуық байқаушымыз болады», - деді ол. Н.Ерімбетовтің айтуынша, комиссияның негізгі мақсаты - тек қателіктерді анықтау ғана емес, оның алдын алу болмақ.«Біз сайлаушылармен жұмыс істеуіміз керек. Осынау саяси науқанда еліміздің барлық азаматтары белсенділік танытуы тиіс. Әрине, біз Орталық сайлау комиссиясымен, кандидаттардың штабтарымен тығыз жұмыс істеп, шет елден келген байқаушылармен тығыз байланыс орнатамыз. Себебі, біз осынау саяси доданы байқау жұмыстарын бірлесе жүзеге асыруымыз қажет», - деді қоғамдық комиссия төрағасы.