Президент шаруа қожалықтарына цифрлық технологияларды енгізуге кеңес берді

АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІІ форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық технологиялар игілігін көріп отырған шаруа қожалығын атады.

Фото: Kazinform/ЖИ

- Жолдауда ауыл шаруашылығы саласына цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен енгізу қажет екенін айттым. Бүгінде озық шешімдердің игілігін көріп отырған шаруа қожалықтары аз емес. Мысалы, Солтүстік Қазақстанда осындай кәсіпорындар бар. Атап айтқанда, «Ақселеу» шаруашылығы өндірісті цифрлық басқару және жер серіктері арқылы бақылау жүйелерін енгізді, - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, шаруашылықта есепке алу жұмыстары автоматты түрде жұмыс істеп жатыр.

- Шаруашылық ауыл-аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға да ерекше көңіл бөліп отыр. Мәселен, тұрғындар орталықтан жылыту жүйесімен және таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Кәсіпорын мектепке, спорт кешеніне және басқа да әлеуметтік нысандарға тұрақты түрде қолдау көрсетіп жатыр. Осылайша цифрландырудың арқасында ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігі, оның бәсекеге қабілеті артып, жалпы ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасы жақсарып жатыр. Сондықтан басқа да шаруа қожалықтары осы мүмкіндіктерді өз аймақтарында қолданғаны жөн деп санаймыз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаев ауыл шаруашылығына қатысты барлық бағдарламаны тексеруді тапсырды.