Президент шыршасы: Аяз ата ақтөбелік балалардың тілегін орындады
Ақтөбе қаласында өтіп жатқан Президент шыршасына әр аудан, ауылдан 200 оқушы келді. Олар озат оқушы, жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған оқушылар, көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелері. Бәрі алдын ала Аяз атаға хат жазып, өз тілектерін жеткізді. Арасында қымбат телефон мен теледидар сұрағандары болды. Кейбірі қуыршақ, кітап, тіпті, парта қажет деп тілегін айтты.
«Президент шыршасына келген балалар кеше қала ішін аралап, Шығармашылық орталығын, Хоккей модулі мен мұражайға, планетарийге барды. Кейін түнгі қалада шыршаны тамашалады. Балалардың бәрі Аяз атаға хат жазды. Хаттар өте қызықты. Кейбірі сіңлісіне қуыршақ, өзіне планшет сұраған. Телефон, велосипед, тау велосипедін қалаған балалар бар. Үйіне қажетті парта, теледидар сұрады. Аяз ата олардың тілегін түгел орындады. Гарри Поттердің кітабын да алды»,- деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.
Жалпы Ақтөбе облысы бойынша 22 мыңнан астам бала түрлі деңгейде ұйымдастырылған шыршаға қатысады. «Балаларға қуаныш сыйла» акциясы өткізіліп, әр бала жаңа жылдық сыйлық алады.
«Мен планшет пен ноутбук сұрадым. Екеуі де менің сабағыма керек. Информатика пәнінде пайдаланамын. Арманым - ғарышкер болу. Мен сабақты жақсы оқимын. Ал бүгін барлық балаларды, ауылдастарымды Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Президентімізге Жаңа жыл молшылық пен бақыт әкелсін!»,- Ойыл ауданы, Күзембай негізгі мектебінің оқушысы Мерей Қайыржанов.
Үйдің кенжесі бүгін өз тілегеніне жетіп, планшет алды. Олардың бәрі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тілегін тыңдап, өз алғыстарын білдірді.
Президент шыршасы кезінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.