ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, театр ұжымы сахнаға шығар алдында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың фестивальге қатысушылар мен ұйымдастырушыларға арнаған құттықтау хаты оқылды.
Мемлекет басшысы өз құттықтауында фестивальді Ресей мен достас мемлекеттер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал ететін маңызды гуманитарлық жоба деп бағалады. Сондай-ақ іс-шара өнер майталмандары, жетекші шығармашылық ұжымдар мен жас таланттардың басын қосқанын ерекше атап өтті.
-Бұл фестиваль мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, елдеріміз арасындағы достық пен жан-жақты әріптестіктің одан әрі беки түсуіне серпін береді деп сенемін, – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Фестиваль аясында «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының әртістері өнер көрсетті. Театр ұжымы «Сириус» концерт орталығының бас сахнасында француз балетмейстері Ролан Петидің хореографиясымен қойылған Лео Делибтің «Коппелия» балетін сахналады.
Қойылымға дирижер Руслан Баймурзин жетекшілік етті. Басты партияларды театрдың жетекші солистері Әйгерім Бекетаева, Арман Оразов және Олжас Тарланов орындады.
«Астана Операның» фестиваль аясындағы бағдарламасы 16 шілдеге дейін жалғасады.
Көрерменге классикалық және заманауи балет қойылымдарымен қатар, театр әртістері мен HasSak этно-фольклорлық ансамблінің қатысуымен ұлттық бағдарлама ұсынылады.
Осыған дейін елімізде мәдениет және өнер саласына қандай қолдау көрсетілетіні туралы жаздық.