Президент сөгіс жариялады: Көлік министрі өзінің алдағы жұмысына қатысты пікір айтты

Фото: Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Президент сөгіс жариялағаннан кейін, ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев өзінің алдағы жұмысына қатысты пікір айтты.

- Министрліктің барлық қызметкері Мемлекет басшысының біздің ведомствоның алдына қойған тапсырмаларын уақытылы әрі сапалы орындауға екпін қояды. Осы мемлекеттік органның бірінші басшысы ретінде жеке өзім маған жүктелген сенімді ақтау үшін бар күш-жігерімді саламын, - деді М.Қарабаев Сенатта жолдардың мәселесін талқылауға арналған Үкімет сағатынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Бұл тұрғыда ол ведомство жұмысының сапасын көтеруге ерекше мән беретінін атап өтті.

Еске салсақ, жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің көлік-логистика саласын дамыту мәселелері жөніндегі отырысы өтті. 

Жиын барысында Мемлекет басшысы Көлік министрі Марат Қарабаевқа жұмыс барысында жіберген кемшіліктері үшін сөгіс жариялады.