Президент Талдықорғанда жаңадан ашылған ғимараттарды аралады
Елбасына «Atameken Business Cіtу» ғимаратының тұжырымдамасы таныстырылды. ШаҺардың оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан көрме кешенінде Алматы облысының кәсіпкерлер палатасының кеңсесі орналасқан. Аталған нысанда open space форматында Өңірлік кәсіпкерлер палатасы, сонымен қатар «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетіп отырған Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы және бизнес-инкубатор жұмыс істейді. Кездесу барысында Президент алдында жетісулық кәсіпкер Римма Салықова сөз сөйлеп, бизнес өкілдеріне жасалып отырған қамқорлығы үшін зор алғысын білдірді.
«Біз Алматы облысының кәсіпкерлеріміз. Мемлекет тарапынан жасалып отырған зор көмек үшін алғысымды білдіргім келеді. Мына жаңа орталықта кәсіпкерлер үшін барлық қызмет түрі қарастырылған. Ары-бері сандалып жүрмейміз. Уақыт үнемдеу жағынан да тиімді», - деді Р.Салықова.
Өз кезегінде Аматы облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов Мемлекет басшысын кәсіпкерлер құқығын қорғау, қаржылай емес қолдау көрсету, ауыл шаруаларын шоғырландыру, жобаларды қаржыландыруға көмектесу бойынша атқарылған жұмыс нәтижесімен таныстырды.
«Биыл «Бастау» бойынша оқыту облыстың барлық аудандары мен қалаларында жүргізіледі. Былтыр жоба аясында 1 312 адам оқыса, биыл 3 мыңнан астам адам қамтылады деп жоспарланған. Шағын несиелеуге қосымша 20 млрд теңге бөлінді, осы мүмкіндік арқылы биыл жоба санын 650-ге дейін ұлғайтып, қаржыландыру көлемін арттыруды жоспарлап отырмыз», - деді Нариман Әбілшайықов.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы жұмыс сапарын қорытындылап, 5 әлеуметтік бастаманы жүзеге асыруға назар аударуды тапсырды.