Президент тапсырмасы: Алматы саябақтарында 6 мыңға жуық шам орнатылады

Фото: Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда осы жылдың 4 айында мамандар 12 мыңнан астам жарық нүктелерін ауыстырып, 450 жаңа тірек орнатып, 110 шақырым кабель жүргізген.

«Алматы Қала Жарық» мекемесінің басшысы Игорь Мысиктың айтуынша, саябақтарда, көшелерде және тротуарлардың бойында қала тұрғындарының жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру үшін 5700-ден астам торшер шамдары орнатылады. Сондай-ақ Алматының 70 көрнекті нысанында сәулеттік жарықтандыру қамтамасыз етіледі.

Фото: Алматы әкімдігі

- 2025 жылы қалада 1200-ден астам жаңа сыртқы жарықтандыру желілері салынады - бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 есе көп, - деді ол.

Фото: Алматы әкімдігі

Наурыз айында Алматының 7 негізгі көшесінде: Әл-Фараби, Төле би, Сейфуллин, Абай, Назарбаев, Әуезов және Наурызбай батыр көшелерінде жарықтандыруды ауқымды жаңғырту жұмыстары басталған. Бұл көшелерде 3 мыңға жуық жарық нүктелерін ауыстыру және 1 мыңнан астам тротуар тіректерін орнату жоспарланып отыр.

Фото: Алматы әкімдігі

Ал Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай 28-гвардияшы-панфиловшылар саябағында 45 шам ауыстырылды. Әскерлер үйінің жанында қосымша жарықтандыру тіректері мен сәулеттік жарықтандыру орнатылды.

«Алматы Қала Жарық» басшысы мамыр айының басында Кіші Алматы өзені бойындағы шамамен 5 шақырым кабельді ауыстыру басталғанын атап өтті.

Фото: Алматы әкімдігі

- Ал Жетісу ауданындағы Үлкен Алматы каналының бойында жаңа жарықтандыру желісінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Ұзындығы 1,3 шақырым учаскеде 34 тірек орнатылады. Мұнда бұрын-соңды жарық болмаған. Дулати көшесінің бойындағы автотұраққа 32 жарықтандыру тірегін орнату жұмыстары аяқталды, - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 109,2 шақырым жаңа жарықтандыру желісі пайда болатынын жазғанбыз.